Загрузка...

AI-разбор доступен после входа

Суть книги, пересказ, главный конфликт, ключевые идеи, вывод, кому полезна, главные темы, персонажи и цитаты можно получить после входа в BookRa.

auto_awesomeПолучить AI-разбор

О книге

Дата написания1970-01-01
Язык книгиkk
Возрастное ограничение12+

Читать онлайн

Страница 1 из 1

САҒИ ЖИЕНБАЕВ АҚЫН

АҚЫН

САҒИ ЖИЕНБАЕВ

(1934–1994)

Қырық күн шілде – ақыретті бастады, Өртеніп тұр оңтүстіктің аспаны, Кеуіп кетті арасанның сулары, Еріп кетті Хорасанның тастары. Күйіп кетті биыл тағы несібің, Биыл тағы бітелмеді тесігің. Диқан жігіт, енді күнің не болмақ, Енді кімнің күзетесің есігін?!. Екі жалын – екі жақтан кеулеген. Енді сені жүргізер ме жерменен. Күннің өртін сөндірерсің амалдап, Мұңның өртін сөндірерсің сен немен? Сынар ма екен, шыдар ма екен көкірек, Көкіректің бара жатыр оты үдеп, Алысатын, айқасатын бір өзің, Бір өзіңе əл берер ме екі дерт! Мейлі, мейлі!.. Екеуін де жеңем мен! Екеуін де аластаймын денемнен. Сырттағысын көндіремін өзім-ақ, Іштегісін сөндіремін өлеңмен!.. Өлең деген табылды оған жан серік, Білмейді ешкім лашығында қалса өліп. Аулақ қазір шуылдаған дүниеден, Жатсын, мейлі, дария тоқтап, тау шөгіп. Жан жылынып, қан жүгіріп өңіне. Қыран құстай қайта шыққан көгіне. Өлеңменен ашылды оның жанары. Өлеңменен басылды оның шөлі де… Емдеді жыр жүректерді жаралы, Кернеді жыр кеуіп қалған даланы. Өлгендердің зар-күйі боп аңырап, Келгендердің əлдиі боп тарады. Өлең шіркін ескен желмен тарай ма, Көп ұзамай, естілді бұл талайға. Тамағы тоқ, алаңы жоқ əкімдер Жер түбінен шақыртты оны сарайға. Еріккенде сауық-сайран құратын. Желіккенде – құмарынан шығатын, Сұлуларын, сұлтандарын мақтайтын Аты шулы керек бопты бір ақын. «Сарай үшін – секілді анау суық тас. Менің жырым жүректерін жылытпас. Жалғыздардың, қайғы-зардың жыры бұл, Төрелерің төңірегіне жуытпас. Аз да болса, егінім бар оратын, Ұсақ-түйек темірім бар соғатын. Кетілгенім, жетімдерім жəне бар, Алтын сарай – теңім емес», – деді ақын…

* * *

Отыз жылдай қу тірлікті қумастан, Отыз жылдай жазды жырды тынбастан. Мəңгілік бір… əн қылып кіл жүретін Келді ақыры дүниеге бір дастан. Дүр сілкініп, елдің іші дулады, Ойдағы жұрт, қырдағы жұрт тыңдады. Самал-таудың сулары оны қайталап, Самарқанның қурайы оны жырлады. Мақтады жыр – батырлардың ерлігін. Елді сүйген ақындардың шер-мұңын. мақтады жыр – жақсы адамның жүрегін, Бір кездегі патшалардың кеңдігін… Бар еді онда – жұпар гүлдің иісі, Лүпілдеген жүректердің тынысы. Бар еді онда – аққулардың үні мен Жұмақтағы зəмзəм бұлақ дыбысы… Патша бір күн: «Ақын, – деді, – жақпаған Жерім де жоқ, сені де жұрт мақтаған. Əр жолына алтын теңге беремін, Дастаныңды түгелімен сат маған!..» Қу тіршілік, кім басында болмаған, Кімді қорлап, кімнің қанын сормаған. Қинаса да тырнаса да жүрегін Ойлап-ойлап ақырында көнді оған… Бір күндері… Бойын жазып, тынығып. Монша жалдап, жатыр еді жуынып. Ойда-жоқта төбесінен түскендей Қақпа алдына келді керуен шұбырып. Отыз жылғы маңдай тері ақталып, Жүрген кезі айтқан сөзі жатталып. Екі жігіт «Патшамыздың сыйы», – деп, Қойды алдына теңнің бəрін ақтарып. Тұрды қарап, сенбегендей көзіне, Бір нəрсені сезгендей еді өзі де. Алтын емес, күміс теңге салыпты, Ақ патша да тұрмапты ғой сөзінде. Теңдей қылып, үшке бəрін бөлгізді. Бір бөлігін моншашыға бергізді. Екі бөлік – келген екі жігітке… Түйелерін кейін қарай өргізді. …Патша кенет сұрланды да, түйілді, (Ақыныңның енді күні қиын-ды.) – Өлеңдері – кебін болсын өзіне, Құз түбінде шірісін! – деп бұйырды. Сылтау таппай, аңдып жүрген əңгүдік, – Білді осылай қор қыларын мəңгілік, Ақ таяғын қолына ұстап, ақының Айдалаға кетті қашып қаңғырып… Кетті содан – көз көрмейтін аулаққа, Өскен жерлер, ес кіргенде қалды артта. Ақ бас шалды алақанға салған жоқ Үргеніш те, Стамбул да, Бағдат та. Жат өлкеде жалғыз жүрген күн құрсын, Мейлі бұлбұл, мейлі жүйрік, дүлдүлсің. Жүрегінде жыр жатқанын кім білсін, Бұл елінде дулатқанын кім білсін! Жылдар зулап, өтіп жатты арада, Сулар жамырап, кетіп жатты далаға. Ең болмаса, туған жердің бір күрек Топырағы бұйырмай да қала ма. Азайды ғой бойымдағы сел-күшім. Оралмас-ау, оңалмас-ау енді ісім. Əңгі патша өзімді де, жырымды Əлі есінде сақтап жүр ғой деймісің. Тағдыр енді не салса да – көрейін Жыр мен басты қоса алса да – көнейін. Өзге жерде ісіп-кеуіп өлгенше, Өз жерімді құшып тұрып өлейін… Таяғына сүйеніп ап, ақырын Саусағымен сипап құмын, тақырын, Ұшпағына жетті өзінің ақыры, Қыстағына қайта оралды ақының.

* * *

Отыр патша абат бақтың ішінде – Көңілденген, мейірленген пішінде, Көрді ме екен жеңістерін түсінде, Əлде мынау періштелер үшін бе? Тұр естіліп шолпылардың сыңғыры. Еміс-еміс бұлақтардың сылдыры. Өзгелерден асып туған азамат – Көңілінің тасып тұрған бір күні. Көк перделер құрылғандай кеш кірді. Алыс жақтан бір мұңлы əуен естілді. Сазы қандай, назы қандай ешбір əн Дəл осылай тербемеген ешкімді. Жақындамай, тұрды аспанда сызылып, Бітер ме екен, кетер ме екен үзіліп. Қара тастай жібімейтін бір кезде Патшаның да тұрды көңілі бұзылып. – Кімнің жыры?! – Болған сондай бір ақын. Сөздер ғой бұл, содан ғана шығатын. Баяғыда… өкпелетіп… өзіңіз… Содан бері… шеттеу жақта тұратын… – Олай болса, аш та құлпын қақпаның, Шығар сыртқа, көтер асыл заттарын, Алтын, күміс, лағыл, маржан – тасыңды Теңдеп тұрып, жүз түйеге арт бəрін. Қосағыңа ал қырық бəйге жүйрікті, Қалған жаста көрсін қызық тірлікті. Ырза болсын – сəлемімді айт менің, Өз қолыңмен тапсырып қайт сыйлықты!.. Неше күндей аптап ұрып, күн қарып, Төкпей-шашпай, қымбат жиһаз, пұлды алып. Кернейлетіп, жеделдетіп бір кезде, Қақпа алдына келді керуен ырғалып. Қалды қатып – құлақ түріп зар үнге, Қаралы жас, қара киім бəрінде. Жер қайысқан қалың нөпір көтеріп, Біреуді алып бара жатты қабірге. Өмір бойы – өртке күйіп өзегі, Тоқсан жасқа таяп қалған кезі еді. Ел көтерген табыттағы – ұлы ақын Əбілқасым Фердоусидің өзі еді…

Вам также может понравиться

Страница 1 из 15

Назад1215Далее